АКАДЕМИК ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ

БАҒЫСБАЙҰЛЫ

(МӘЛІКБЕРДІҰЛЫ) ДЕРБІСӘЛІ

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, шығыстанушы-арабист, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің араб тілі мен әдебиеті кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, Шығыстану факультетін ұйымдастырушы және оның алғашқы деканы, тілдер және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Бас мүфти (2000-2013 жж.),  Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1965 жылы Высокое (Шақпақ баба) селосында орта мектепті бітірген соң, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп, 1969 жылы оны үздік бітірген. Университет Ғылыми кеңесінің шешімімен сол жылы ол Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына аспирантураға жіберіледі. Шығыс тілдері мен әдебиеті мамандарының зәрулігіне байланысты Республика Ғылым академиясы оған Мәскеуге Шығыстану институтына жолдама береді. Сөйтіп ол КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтының атақты ғалымдары, араб тілі мен әдебиетінің майталман білгірлері, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Ю.Н. Завадовский мен Г.Ш. Шарбатовтардан дәріс алып, араб тілінің қыр-сырына қанығады.

Әбсаттар Дербісәлі Москвада профессор Ю.Н.Завадовскийдің жетекшілігімен Марокко әдебиеті секілді Кеңес Одағында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырыпты зерделеуге кіріседі. Ғылыми ізденістері 1975-1976 жылдары оны Марокко Корольдігіне жетелейді. Рабат қаласындағы Мұхаммед V атындағы университетте ол араб тілі мен әдебиетін тереңдей оқыды және профессор Мұхаммед әл-Фасидің жетекшілігімен Марокко ауыз әдебиеті бойынша диссертация жазуды жалғастырады. 1976 жылы Мәскеуге қайтып оралған соң зерттеу жұмысын сәтті аяқтап, 1977 жылы КСРО ҒА Шығыстану институтында кандидаттық диссертация қорғайды.

Содан кейін Алматыға оралып, Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер боп істейді. 1977 жылдың ақпан айында ол С.М. Киров (Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне ұстаздық қызметке шақырылады. Себебі, 1975 ж. ҚазССР Министрлер Советінің қаулысымен КазГУдегі филология факультетінде араб бөлімін ашу туралы шешім қабылданған болатын. Жас ғалым филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінен 12 студентті таңдап алып, араб тілін оқыта бастайды. Республикада араб тілін мамандық ретінде арнайы оқыту тұңғыш рет осылай басталған.

1980-1985 жылдары ол филология факультеті деканының оқу істері жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Сонымен қатар, шығыс тілдері мен әдебиеті кафедрасын ұйымдастырып (1984), араб тілінен дәріс беретін мамандарды ортақ іске жұмылдырды. Сол жылдары республикамыздың жекелеген орта мектептеріне араб тілі жеке пән ретінде енгізілуіне орай ол ұстаздық қызметімен қатар Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы шығыстанушылардың әдістемелік кеңесін басқарып, араб тілінің 2-11 сынып оқушыларына арнап бағдарлама және оқу құралдарын жазуды да ұйымдастырды. Осындай ұйымдастырушылық жұмысымен қатар ол университетте араб тілі және араб әдебиетінің тарихынан да лекциялар оқыды. Студенттердің курс және диплом жұмыстарына жетекшілік етті.

Әбсаттар Дербісәлі 1985-1986 жылдары докторлық диссертациясын аяқтау үшін Тунис Араб Республикасының Аз-Зайтуна университетіне жіберілді, сонда белгілі араб ғалымдарының ақыл-кеңесін ала отырып, әрі араб тілі мен әдебиеті бойынша да біліктілігін арттырды. Қайтып оралған соң 1986-1988 жылдары Мәскеу Шығыстану институтының докторантурасында оқуын жалғастырады. Ә. Дербісәлінің VIII–XX ғ. араб тілді Марокко сөз өнерінің тарихына арналған зерттеу жұмысы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу халықаралық қатынастар   және М. Горький атындағы әдебиет институты ғалымдарының біріккен ғылыми мәжілісінде жоғары бағаланып, қорғауға ұсынылды. Оның да себебі бар-ды, өйткені Кеңес Одағы һәм Батыс Еуропа шығыстанушылары бұрын Марокко әдебиеті болмаған деп келсе, қазақ ғалымы ондай пікірдің жаңсақтығын, халық, тіл бар жерде әдебиеттің болмауы мүмкін еместігін дәлелдеді. Марокконы Франция басып алғаннан кейін халықты езіп, жаншып, ұлттық мектептер ашуға тыйым салып, тұншықтыруға тырысқанын дәлелдей отырып, отар елдердің әдебиеті мен мәдениеті болмайды деген отаршылдық тұжырымды Әбсаттар Дербісәлі жоққа шығарды.

Шығыстану ғылымын тереңінен қаузаған ғалым 1988 жылы Мәскеу Шығыстану институты, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеудің әдебиет институты, Мәскеу халықаралық қатынастар институтының шығыстанушы ғалымдарының мамандандырылған диссертациялық кеңесінде «Марокконың VIII–XX ғ. араб тілді сөз өнерінің эволюциясы» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы дәрежесін, 1989 жылы профессор ғылыми атағын алып, Қазақ мемлекеттік  университетінде шығыстану факультетін ашуға көп күш жұмсады. Еңбегі жанып 1989 жылы өзі іргетасын қалаған араб бөлімі негізінде шығыстану факультеті ашылды да, Ә. Дербісәлі бірауыздан сол факультеттің тұңғыш деканы болып тағайындалды. Ғалымның қажырлы еңбегінің арқасында бірте-бірте парсы, һинди, кәріс, урду, қытай, жапон бөлімдері ашылып, факультет өміршеңдігін танытты және Республикаға өте қажетті шығыстанушы мамандарды даярлай бастады. Кейінірек иран-түрік, қытай-жапон тілдері мен әдебиеті кафедраларын ұйымдастырып, студенттерді оқыған тілдеріне орай жыл сайын шет елдерге тілдік тағылымдамаларға жіберу мәселесін де жолға қойды. Сөйтіп, ол қазақ шығыстану ғылымын өркендету проблемасының ыстығына күйіп, суығына тоңды. Нәтижелі еңбек етті. Сондықтан да қазір елімізден немесе бұрынғы Совет Одағы республикаларынан ғана емес, сондай-ақ шет елдердегі түрлі дипломатиялық корпустардың, министрліктер мен ведомстволардың кез-келгенінен Ә. Дербісәлі шәкірттерін кездестіруге болады.

Ә. Дербісәлі 1991 жылдың желтоқсан айынан университеттің тілдер және шет елдермен байланыс жөніндегі проректоры қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде оның ұйымдастырушылық қызметінің арқасында университет Жапония, Корея, Қытай, Пәкстан, Иран, Түркия, Мысыр, Либия, Марокко, Англия, Франция, Испания, Германия, АҚШ секілді ел университеттерімен ынтымақтастық шарт жасасып студенттер мен ұстаздар алмасу жанданды. ҚазМУ-де қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихын насихаттайтын «Мирас» атты халық университеті де Ә. Дербісәлінің бастамасымен ашылды. Ғалымның өзі де сонда өзекті тақырыптар бойынша лекциялар оқып тұрды.

Мәскеу Шығыстану институтының аспирантурасында оқып жүрген жылдары жас ғалым негізгі ғылыми-зерттеулерімен қатар, қазақ жерінің ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фараби жайлы орта ғасырларда жазылған тарихи жазба жәдігерлерді тауып, оларды аударумен де айналысты. Өйткені ол тұста зерттеушілер қолында ұлы ойпаз өмірбаяны жайлы нақты жазба деректер аз болатын. Сол себепті де Әбу Насырдың өмірі мен шығармашылығы жайлы аңыз бен ақиқатты анықтау қиынға түсті. Ә. Дербісәлі сондықтан да жерлесімізден бір, екі ғасыр кейін өмір сүріп, ол жайлы өшпес мұра қалдырған ортағасырлық Ибн Саид әл-Қифти, Ибн Халликан, Ибн Әби Усайбиға секілді араб шежірешілерінің жазба деректерін ана тілімізге тәржімалады. Әбу Насырдың «Өлең өнерінің қағидалары» атты трактатын да тауып 1973 жылы «Лениншіл жас» газетінде жариялады. Кейінірек ол осындай деректерге негізделген «Әл-Фарабидің эстетикасы» (1980) атты тұңғыш кітабын жарыққа шығарса, араға екі жыл салып «Шыңырау бұлақтар» (1982) іспетті жаңа еңбегімен де оқушыларын қауыштырды. Әдеби зерттеулер, толғаныстар, эсселерден тұратын бұл еңбек негізінен алғашқы аталмыш кітабының заңды жалғасы еді. Мұнда ол араб, парсы халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің шешек ата гүлденуіне барынша атсалысқан, қазақ топырағынан шыққан дүлдүлдер қосқан үлесті және олар өмір сүрген дәуір ерекшеліктерін тарихи деректермен қабыстыра баяндауды мұрат еткен. Сөйтіп, автордың бұл дүниесі тамыры тереңге кеткен қазақ-араб әдеби, мәдени байланыстары, халқымыздың көне әдебиеті жайлы байыпты бағдардың алғашқы баспалдағы болды.

Ә. Дербісәлінің ұстаз, ғалым және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуы 70-жылдардың екінші жартысына тұспа=тұс келеді. 1970 жылдан бастап-ақ ол өзінің мәнді де маңызды дүниелерімен республика оқырмандарына жиі көрініп, шығыстанушы ғалым ретінде таныла бастады. Ғалым бертін келе ірі-ірі, қомақты да сүбелі, сан-салалы еңбектер бере бастады.

Ә. Дербісәлі зерттеулері жалпы Мағриб араб елдерінің әдебиеті мен мәдениеті, соның ішінде әсіресе, Марокко әдебиетінің тарихы, жоғарыда айтылғандай қазақ-араб әдеби байланысы, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерінің мәселелері секілді түбегейлі шешімін таба қоймаған күрделі проблемаларға арналған. Ғалым қаламынан туған ондай дүниелер теориялық тереңдігі, өзіндік тұжырымдарға толылығы, тың идеялар көтере білетін жаңашылдығымен ерекшеленеді. Мысалы, ол шығыстану және филология факультеттері студенттеріне арнап «Араб әдебиеті» атты қазақ тілінде тұңғыш оқулық жазып, «Мектеп» баспасынан 1982 жылы басып шығарды. Мұнда араб халқының теңіздей терең әдеби мол мұрасының классикалық дәуірлері сөз болады. Ал «Араб тілді Марокко әдебиеті» атты орыс тіліндегі монографиясын 1983 жылы «Ғылым» баспасы жариялады.

Ғалымның Қожа Ахмет Йасауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы араб тіліндегі жазулар сырын ашуы да осы кезең үлесіне тиеді. Ол жайлы автор кейінірек «Қожа Ахмет Йасауи және Түркістан мәдениеті» атты сүбелі зерттеу жазды. Дінмен күрес ұранының жалауы желбіреп, атеизмнің тасы өрге домалап тұрған кездері діншіл, кертартпа ескілік сарынының иісі аңқиды деп келген Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы мен оның кесенесіндегі жазулар туралы мақала бастыру әрине оңай емес еді.

Ә. Дербісәлі аталған жылдары өзін ғылым әлеміне танытқан, оқырман жүрегіне жол тапқан осындай іргелі еңбектермен қатар республиканың газет, журналдарында да әдеби сын мәселесіне де белсене араласып отырды. Әр жылдары ол «Қазақ әдебиеті», «Білім жэне еңбек» секілді басылымдардың жыл қорытындысы бойынша жүлдегері де болды.

Ә. Дербісәлі осы жылдары ұстаздық, ғалымдық қана емес, сондай-ақ қоғамдық қызметімен де көзге түскен. Қазақтың шет елдермен достық қоғамы қазақ-араб бөлімі төрағасының орынбасары, кейінірек төрағасы ретінде Қазақстан мен араб елдері арасындағы мәдени-достық қатынастың жемісті болуына да аз үлес қосқан жоқ. Мысалы, ол Жапония, Иран, Түркия, Сирия, Ирақ, Йемен, Мысыр, Либия, Тунис, Марокко, Қытай елдерінде қазақтың шығыстану ақтаңдақтарына арналған лекциялар оқып, әсерлері туралы радио, теледидардан сөйлеп, «Мың бір түн елінде» (19  86), «Ежелгі араб жерінде» (1992) атты кітаптарын да жариялады. Бұл дүниелер бір көргеннен алған әсерді баяндау емес, керісінше оны өзі оқыған, болған, тұрған Марокко, Ирақ, Йемен, Тунис, Либия секілді тағы да басқа шығыс жұртының тұрмыс-салты, ежелгі дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті, өткен тарихы, бүгінгі қоғамдық әлеуметтік тыныс-тіршілігі, саяси жағдайы туралы байқағандары мен көңілге түйгендері туралы сыр деуге болады.

Ә. Дербісәлі халықаралық түрлі ғылыми-теориялық конференцияларға да қатысып баяндамалар жасады. Бірқатар араб елдері көрнекті жазушыларының (Абд әр-Рахман әл-Хамиси, Мұхаммед Теймур - Египет, Абд әл-Маджид бин Джаллун, Мұхаммад Хайдар ар-Райсуни, Малика әл-Фаси, Джарак Ахмад, Мұхаммед Баррада, Ахмад Баннани - Марокко, Йахия Йахлуф - Палестина, Аз-Зубайр Әли - Судан, Мүхаммед әл-Марзуки - Тунис) әңгіме, новеллаларын, Ислам энциклопедиясының үлкен бір тарауын тәржімалады, бірқатар ғалым әдебиетшілер мен қаламгерлердің кітаптары, оқулықтары мен оқу құралдарының арнаулы редакторы болды. Сөйтіп, оның рецензиялауымен жиырмадан астам түрлі монографиялар мен жеке жинақтар шықты.

Десек те, оның әдебиет тарихын аршып анықтап, көміліп қалған көмбелерін ашудағы еңбегі ерекше екендігін айтқан жөн. Иә, ол туған әдебиет тарихының көмескі беттері мен жазылмай жатқан жақтарына ғалымдық парасат, перзенттік махаббатпен қарай отырып, өзі болған, оқыған елдерінің кітапханаларынан оған қажет деректерді жинай жүрді. Өйткені, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерінің қайнары VІ-VІІ ғасырлардан бастау алғанымен әдетте Әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Махмут Қашғари мен Мұхаммед Хайдар Дулати  шығармашылығы бүкіл түркі халқына ортақ мұра ретінде қарастырылатын.

Ә. Дербісәлінің Каир, Рабат, Бағдад, Теһран, Дели, Кашмир, Санкт-Петербург, Ташкент кітапханаларының қолжазба қорларындағы жазба мұраларға негізделген зерттеулері Х-ХVІ ғасырдың өзінде-ақ қазақ даласынан елуден астам ойшыл шыққанын көрсетеді. Автордың сөйтіп 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың бірінші жартысындағы ізденістерінің нәтижесі болып табылатын - «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегі осындай өзекті де зәру мәселеге арналған. Онда ғалым Отырар мен Түркістан, Тараз, Сыр бойынан шыққан оқырман түгілі ғалымдар да біле бермейтін Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әлам ад-Дин әл-Жауһари, Бурһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Әбу-л Қасым әл-Фараби, Махмуд әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Маула Мухаммад әл-Фараби, Бадр ад-Дин әл-Фараби, Исмайыл әл-Хусайни әл-Фараби, Ахмад әл-Исфиджаби (Сайрами), Әбу-л Хасан әл-Исфиджаби, Әли әл-Исфиджаби, Жамал ад-Дин Саид Түркістани, Шейх Ахмад Түркістани, Мухаммад Баки Қарнақи (Түркістани), Хафиз Баки Түркістани, Даут Түркістани, Баки Мухаммад Түркістани, Молла Шаһ Хаким Түркістани, Гийас ад-Дин әл-Женди, Йағкуб әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Женди, Йағкуб әл-Женди, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Махмут бин Әли ат-Тарази, Әбу Таһир Мухаммед ат-Тарази, Шамс Тарази, Байлақ әл-Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Жармұхаммед Наймани, Молда Мұхаммед Адайи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жамал ад-Дин Атырауи, Ахмед Әли әл-Қазақи, Молда Есжан Қоңыратли секілді тағы да басқа дала даналары мен олардың жазба жәдігерліктері туралы ой толғайды. Шығыстанушының бұл зерттеуі әдебиетіміздің тарихын байытып, жаңа беттерін ашқан жаңа да сүбелі еңбек екендігін айтқан жөн.

Ғылыми жолын бабалар тарихын зерделеуге арнай отырып олардың кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған еңбектерін ұлтымыздың рухани алтын қорына қосқан, мәдениетіміздің мәңгілік мұрасына айналуына үлкен еңбек сіңірген халқымыздың бірегей ғалымы Әбсаттар қажы Дербісәлінің есімін мақтанышпен айтуға болады. Кезінде кеңестік солақай саясаттың кесірінен туған халқына беймәлім болып, зерттеу нысанынан шет қалған қаншама ғұлама бабаларымыздың әдеби, діни құнды туындыларын, ұлттың рухани қазыналарын зерттеп, туған атамекеніне қауыштырудағы еңбегі зор еді.   

Қазақ елінің Шығыс елдерінің мәдениетімен, әдебиетімен қарым-қатынасы аясында қазақ жерінде дүниеге келіп, білім алып, араб жерінде шығармашылығымен әлемге танылған тұлғалардың өмірімен, туындыларымен оқырман қауым профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбегінің арқасында таныс болғанын, әлі де біле түсетінін баса айтуға болады.  Оның бүкіл шығармашылығына қазақ халқының рухани мұрасын саралау, араб әдебиеті мен Ислам діні, мәдениеті, өркениеті арқау болды десек асыра айтқандық болмас. Себебі, академик Ә. Дербісәлі қазақ-араб мәдени, әдеби қатынастарын зерттеу барысында екі халықтың мәдени сабақтастығына алғаш сүрлеу салған отыздан астам Фарабтан және басқа да қазақ жерінен шыққан даналардың әдеби мұраларын араб елдерінен тауып, жариялауда үлкен еңбек сіңірді. Бабалар мұрасын зерттеушілерге қажетті қазақ шығыстану саласының жүгін қара нардай көтеріп жүрген ғалым жыл сайын Қазақстанға тиесілі, бірақ белгілі бір себептермен ғылыми қауымға беймәлім болып келген құнды дүниелерді, әдеби ескерткіштерді араб тілінен қазақ тіліне аударып, түсіндірмелерін жасап, түпнұсқа қолжазбасының факсимелесін де қатар беріп зерттеуі болашақ ізденушілерге темірқазықтай жол сілтейді. Міне, осындай әмбебап ғалымның қаламынан кейінгі жылдары сондай түркі халқының рухани кеңістігінде, орта ғасырда дүниеге  келген, бірақ бүгінгі күнге дейін өзінің тарихи-танымдық және көркемдік құн¬дылығын жоғалтпаған мәдени жәдігерлеріміздің бірі – «Қауам ад-дин әл Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357). Өмірі мен мұрасы» атты еңбегі жарыққа шықты. Автордың бұл жолғы зерттеуінің нысанасы болған Қауам ад-дин әл Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани тек қазақ халқының ғана мақтанышы емес, сонымен қатар бүкіл мұсылман елдерінің рухания¬ты тарихында ғылыми құн¬дылығы жоғары дүниелер қалдырған ірі шығармашыл тұлға. Зерттеуші Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістанидің туған жерін, өмірін зерделей отырып оның Түркістан қаласының шығысында 20, Отырардан солтүстікке қарай 40-50 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан (Атқан), қазіргі уақытта Иқан деп аталатын кентте 1286 жылы дүниеге келгендігін анықтаған. Оның отыздан асқан шағына дейін Отырар қаласында имам болғанын, содан соң білім іздеп әуелі Самарқан мен Бұхараға, кейін Дамаскіге (Сирияға) сапар шеккенін, Бағдадта 25 жыл қазилық еткен әл-Итқанидың сонда үйленіп, балалы-шағалы болғанын, өмірінің соңына таман Каирге қоныс аударып, сонда біржола тұрақтап қалғанын егжей-тегжейлі зерделеген. Ол еңбегі кейіннен Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістанидың (1286-1357) өмірі мен шығармашылығына арналған монография болып жарыққа шықты.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) өмірі мен шығармашылығын зерттеуде де соны қадамдар жасады. Қашғария (1994), Пәкстан (1995), Индияға (1998) арнайы барып, Кашмир өлкесінен ғалымның зиратын тапты. Құлпытасының эпитапиясын шешті.

1999 жылы қарашада Қазақстан Республикасының Ғалымдар үйінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің туылғанына 500 жылдығына толуына арналған халықаралық конференцияда бас баяндама жасады және сол жылы М.Х. Дулатидің «Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалығын» баспаға дайындап, жариялады (Алматы, 1999, 160 бет).

2002-2003 жылдары Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиін» қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыруға үлес қосты, шығармаға үлкен алғысөз жазды.

Ол Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) «Жаһан наме» поэмасының қолжазбасын тауып, Берлин және Қашғар нұсқасы бойынша шағатай тілінен қазақ тіліне аударды. Жинақты құрастырып, транскрипциясын жасап, аннотация, комментарийлері, кіріспе, сілтемелер, сөздіктерін жазып жарыққа шығарды («Білім» баспасы, Алматы, 2006). Сондай-ақ, Тараз қаласының ортағасырлық тумасы, ғалым, бірқатар аса құнды еңбектердің авторы – Хибатулла ат-Тарази ат-Түркістанидің (1272-1333) «Әбу Жағфар ат-Тахауидың ақидасына шарх (түсіндірме)» атты шығармасының АҚШ-тың Принстон университеті кітапханасынан табылған қолжазбасын орыс тіліне аударып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізді.

Дамаскідегі Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс зираттарына Отырар топырағын салу секілді имандылық шараларын іске асыруға басшылық жасады.

Әбсаттар Дербісәлі 1997 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен дипломатиялық қызметке ауысты. Ол Қазақстанның Сауд Арабиясы елшілігіне кеңесші етіп жіберілді. Сауд елінің астанасы Риядта үш жылдан астам болып, жемісті еңбек етті. Екі елдің гуманитарлық, мәдени, ғылыми байланысының қалыпқа түсіп, дамуына аянбай еңбек сіңірді, оған 1-сыныпты кеңесші дипло матиялық лауазымы берілді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әбсаттар Дербісәлінің зерделі зерттеулері, ТМД және Еуропаның шығыстанушы ғалымдары тарапынан жоғары бағаға ие. «Арабша-қазақша сөздік» [Арабско-казахский словарь, 917 стр. -2016]; екі томдық «Сұлтан аз-Заһир Бейбарыстың ғұмырнамасы», («Жизнеописание (Сира) султана аз-Заһир Бейбарыс») (1 том 364 бет), (2 том 374 бет) Алматы-2016); қазақ жерінің ортағасырлық перзенті, ғалым Хусам ад-дин ас-Сығнакидің (1240 – 1314/17) «Ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты классикалық еңбектері (арабша мәтіні 393 бет, қазақ тіліндегі кіріспесі 40 бет) оның рецензиялауымен шықты.

Әбсаттар Дербісәлінің сүбелі бір еңбегі ағылшын тілінде де Лондонда жарық көрді [Sheikh Abdsattar Haji Derbisali. Islam Religion of Peace and Creation. London 2012, 455 стр].

Әбсаттар Дербісәлі теориялық және практикалық мәні бар 900-ге жуық  еңбектер жазды. Оның кітаптары оқырмандар мен әдебиет сыншыларын да бейтарап қалдырған жоқ.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасы бар Ә. Дербісәлі кешегі кеңес заманында араб әдебиеті десе апиын саналған  діни әдебиет түсінілген тұста араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасындағы сабақтастыққа дәнекер болып, келешек арабтанушы ғалымдар үшін маңызды әдеби бағытқа жол ашты. Қазіргі егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алған тұста, дініміз бен ділімізді түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша зерделей бастаған кезде, қазақ-араб әдебиеттерінің тарихи сабақтастығын, ықпалдастығын тереңірек зерттеу қажеттігі күн тәртібіне қойылған кезде ғалымның зерттеу еңбектерінің алар орны ерекше.     

Әбсаттар Дербісәлінің еңбектері, шығармашылығы мен қоғамдық, діни қызметі туралы бес жүзге жуық мақалалар мен рецензиялар жарияланып, жоғары бағаланды. Деректі фильмдер түсіріліп, отандық телеарналардан оған бірнеше арнайы хабарлар арналды. Өйткені, ғалым қаламынан туған дүниелер өзі сөз еткелі отырған мәселе туралы проблема көтеруі, оны шеше алуы, жаңа да тың ой айта білуімен ерекшеленді.

Ә. Дербісәлі 1990-1995 жылдары «Жұлдыз», «Парасат», «Заман-Қазақстан», «Шалқар» секілді басылымдардың алқа мүшесі, 1993-1995 жылдары жаңадан құрылған ҚР Мемлекеттік Аттестациялық Комитеті филология және өнертану ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің ғалым хатшысы, 1989 жылдан ҚР Қазақ-Араб достық Ассоциациясының төрағасы болды. Сөйтіп ол ассистенттен академик, кафедра меңгерушісінен проректорға дейін үлкен жолдан өткен Әбсаттар Дербісәлі ҚазМУ-дің Әбу Насыр әл-Фараби атын алуына да көп қолқабыс етті.

Бірқатар халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдарға (Александрия - 1992; Мадрид - 1996, 2006; Дели, Кашмир - 1999, 2002; Москва - 2000, 2004, 2006); Берлин - 2002, Каир - 2003, Афины - 2004), ЮНЕСКО-ның діни-мәдени конгрестеріне (Ташкент - 2000, Доха - 2001), 2006 жылы (маусым) Мәскеуде өткен Әлемдік дін лидерлерінің саммитіне қатысып баяндамалар жасады.

Шетелдік және республикамыздағы 14 мемлекеттік университеттің (Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Орал, Павлодар, Петропавл, Шымкент және т.б.) «Құрметті профессоры» болды.

Ә. Дербісәлі республикамыздағы шығыстану ғылымының негізін салушы ғана емес, сондай-ақ шығыстану саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.

Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделетінін бүгінгі жаһандану деген қым-қуытқа толы өмір айқын көрсетіп отыр десек, шындықты жасырғанымыз да, асыра бағалағанымыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адамдардың рухани азғанына баршамыз куәміз.

Еліміз егемендік алғаннан кейін дініміз бен төл мәдениетімізге біржола бетбұрыс басталды. 1990 жылы дін мәселелерімен шұғылданатын діни басқарма дүниеге келді. Дегенмен, коммунистік идеологиямен сусындаған ұрпақтың Ислам қағидаларын түсініп, имандылық жолдың қалыптасуы тым баяу жүрді. Оның сол уақытта діни сауатты мамандардың аз болуы, жергілікті молдалардың сауаттарының төмендігі сияқты түрлі себептері бар еді.

2000 жылы дінбасына белгілі ғалым, араб тілі мен мәдениеті, тарихы мен Ислам дінінің білгірі, иманды азамат Әбсаттар қажы Дербісәлі келді. Ол дін қызметіне келгеннен кейінгі он үш жыл ішінде рухани басшымызға айналған Әбсаттар қажы Дербісәлінің жұрт сүйсінер істеріне халық куә болды. Бас мүфти қаншама жаңа мешіттер ашты, көптеген халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда Қазақстандағы Ислам дінінің мәселелерін көтерді. Дін адамымен діни тілде, зиялы мен зиялыша, жазушымен қаламгерлерше сөйлесіп, тіл табыса білген мүфти жалпы халық пен зиялы қауым арасына алтын көпір бола білді. Сөйтіп, ол өткен 13 жыл ішінде отандастарымызға ғана емес, жалпы мұсылман дүниесіне де жақсы таныс, белгілі тұлғаға айналды.

Ол дінге ғылым арқылы келді. Әбсаттар Дербісәлі, ең алдымен, үлкен ғалым, парасат иесі. Оның, әсіресе, Қазақ даласынан шыққан тек 30-дан астам Әл-Фарабилер, 50-ге жуық Таразилер, Баласағұни деген атпен – 10, Сайрами деген лақаппен 40-тан астам парасат иелері, сондай-ақ, өзіне ру, жер, қала аттарын ныспы етіп алған, әлем таныған 200-дей ғалымдарымыз бен ғұламаларымызды тапқаны үлкен жаңалық. Соларды іздеп табу, халыққа таныту мәдени тарихымызды Бұқар жыраудан бері қарай ғана қарастыру дертінен айықтырып, өскелең ұрпақтың ғасырлар тұңғиығында жатқан шындыққа үңілуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ, оларды табу арқылы «Қазақ халқы көшпелі болды, сондықтан бұларда мәдениет пен білім, ғылым дамымады» деген кейбір сыңаржақ пікірдің үстірт әрі негізсіз екендігін бағамдауға болады.

Алла тағала сүйген пендесіне ғана ғылым сыйлайды екен.  Демек, Жаратушы иеміз оған дінбасылық секілді өте жауапты міндетті ең бір қиын да күрделі кездері жүктеді. Елбасылық пен Дінбасылық Алланың қалауымен ғана болатын іс деген сөз бар. Ол шынында да солай.

Әбсаттар Дербісәлінің ғұламалығының өзегі имандылықта жатыр. Қай қоғамда болсын, халықтың ғұламасы иманды болса, ол Алланың берген зор сыйы деп қабылданады. Әбсаттар Дербісәлі Алланың қазаққа берген сол сыйы! Ендеше, қасиетін танып, қадірін білу керек. Дінбасы Әбсаттар Дербісәлінің сол қасиеті мен қадірін әлемнің біраз елдері біліп, танып та үлгерді. Ол бүкіл әлем сүнниттерінің және әл-Әзһардың ұлық шейхы доктор Мұхаммед Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы шейх Абдолла Абд әл-Мухсин ат-Түрки, Мәскеу және Бүкілресейдің соңғы екі патриархы, Қазақстандағы Православие епархиясының екі митрополиті, сондай-ақ, Түркия, Египет, Кувейт, Малайзия, Сингапур, Италия, Үндістан, Пәкстан, Балқан елдері, Франция, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сирия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанның ислам діні жетекшілерімен кездесіп, өзекжарды діни мәселелер жайлы үнемі ақылдасып, кеңесіп тұрды. Бұл оның ғұламалығының, білімдарлығының, ақыл мен парасатының, биік пайымының көрінісі.

Ол Бас мүфти болған жылдары еліміздің аймақтарын аралап, шет ел асып, ислам дінінің алтын діңін, шынайы болмысын насихаттау жолында тыным таппады. Әлемнің небір аузы дуалы ділмарлары мен биік деңгейлі мамандарының алдында жыл өткен сайын ақ кемесі айдынданып келе жатқан Қазақ елі қанатын жайып, тамырын тереңдете түскен исламның мән-маңызы хақында көсілте кеңінен де кемел сөз сабақтап келді. Ол сол жылдары еліміздің ислам дінінің басшысы ретінде әлемдік деңгейдегі дін басшыларымен тең тұратын, мойындалған ірі тұлғаға айналды.

Орта Азияның дінбасылары 2007 жылы Алматыға жиналып, Әбсаттар қажы Дербісәліні Муфтилер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. 2012 жылдың көктемінде Лондонда және сол жылдың қарашасында АҚШ астанасы Вашингтонда оның «Ислам – религия мира и созидания» атты кітабының ағылшынша нұсқасының тұсауы кесілді. Қазақстан түгілі Ислам елдерінің дін істері министрлері мен мүйізі қарағайдай қайраткерлері, ғалымдарының, дінбасыларының Еуропаның Лондон, АҚШ-тың Вашингтон шаһарларындағы сияқты кітабы шығып, тұсаукесері өтпегені белгілі. Осы еңбегі арқылы ол Қазақстанды, оның тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тілі мен дінін, мәдениетін әлемге танытты.

Ислам, ең алдымен, – білім,  ғылым. Мұны жақсы түсінген Бас мүфти діни қызметіне кіріскеннен бастап руханият айнасы саналатын имамдардың біліміне, білігіне ерекше көңіл бөлді. Қазіргі халықтың бәрі сауатты, оларды құрғақ сөзбен иландырудың мүмкін еместігін көре білген Бас мүфти бүгінгі діни қызметкерлер тек діни білімді ғана емес, дүниәуи ғылымды да меңгеріп, көзі ашық, көкірегі ояу болғаны абзал, ол үшін үнемі ізденістің қажеттігін ескеріп отырды. Бас мүфти, әсіресе, осы мәселеге ерекше көңіл бөлді. Соның нәтижесінде еліміздің үш мыңдай дін қызметкерлерін аттестаттаудан өткізді. Мешіттер бір орталықтан басқарылатын болды. Мешіттердің ұлттық сипатқа қарай бөлінуін тоқтатты. Мұсылмандарға бірлік келді деп толық айтуға болады.

Діни білімдерін жетілдіру мақсатында  көптеген имамдар өзара келісімге сәйкес бірқатар мұсылман елдерінде қысқа мерзімді курстарда оқып келді. Өйткені, еліміздің болашағы жастар. Елді алға сүйреп, діни істі де алып барушы жас мамандар. Осыған байланысты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан діни сенім мектебі Әбу Ханифа мазһабы аясында оқу бағдарламасына діни пәндермен қатар, дүниәуи сабақтарды да оқытатын Ақтөбеден, Алматыдан, Үшқоңырдан (Шамалған), Астанадан, Оралдан, Шымкенттен, Сарыағаштан, Павлодардан, Тараздан ол ашқан медреселер Әділет министрлігі және Білім және ғылым министрлігі тарапынан лицензия алды. Мұсылман қауымына осы мазһаб бойынша дін насихатын тарататын «Асыл арна» кабельдік телеарнасы тәулік бойы діни-танымдық материалдар беретін болды.

          Әбсаттар Дербісәлі Дінбасы болып сайлана салысымен, Елбасы алдына жоғары діни оқу орнын ашу керектігі жөнінде мәселе қойып, көмек беруін өтінді. Ол үшін Алматы қаласында мысырлықтар тарапынан оған дейін тұрғызылып, бос тұрған Ислам мәдени орталығының ғимаратын Діни басқармаға беруді сұрады. Елбасы ұсынысты қабыл алып, бұл мәселені шешу үшін Мысырға үкіметтік делегация жіберді. Нәтижесінде, Алматыда қос ел президенттерінің есімін иемденген «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті ашылды. ҚМДБ құрылымы негізінде жаңа басқарма мен бөлімдер ашылды, оған тәжірибелі мамандар тартылды. Бас мүфти «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетін, Имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институтын ашты. Сөйтіп, 2017 жылға дейін Нұр-Мүбарак университетін жүздеген түлектер бітіріп, имамдық қызметке жіберілсе, Ислам институтында мыңнан астам дін қызметкерлері білімдерін толықтырды.

Елімізде 2000 жылға дейін 1402 ғана мешіт бар еді. Соның тек 284-і ғана ҚМДБ-ға тіркелген болатын. Қалғаны үй ішінен үй тігіп, өзіндік діни саясат жүргізіп келген-ді. 2013 жылы мешіттердің саны 2500-ге жуықтады. Соның 99% діни басқарма қарамағына өтіп, бір орталықтан басқарылып, имамдар тағайындалып, белгілі бір жүйемен жұмыс атқарды. Ол жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды, араб тілі мен әдебиетінің мұғалімдері мен аудармашыларды дайындауда. Қазіргі уақытта университет тек имамдар ғана дайындап қоймай, жоғары білімді, ғылыми дәрежесі бар мамандар да дайындауға қол жеткізді. 2012 жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан исламтану мамандығы бойынша магистратура және докторантура ашуға рұқсат берілді. Бұл да үлкен жетістік. Бұл да Әбсаттар Дербісәлінің тікелей еңбегінің нәтижесі.

Елімізде дінімізді мерзімдік басылымдар арқылы насихаттау ісі де жақсы жолға қойылды. Республика көлемінде шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы діннен ұзақ уақыт бойы қол үзіп қалған қандастарымыз үшін сырттай оқып, үйрететін үлкен рухани мектеп іспетті болды. Бұл басылымдардың таралымы жылдан жылға өсіп, еліміздегі беделді басылымдардың біріне айналды. Жалпы, ұлтына, дініне, халқының болашағына алаңдайтын еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары дініміздің насихатына, имандылықты арттыруға өз үлестерін қосып, халықты жік-жікке бөлгісі келген іріткі салушы жат ағымдардан сақтандырып, олардың теріс ниет пиғылы мен іс-әрекетін әшкерелей беруі тиіс.

2012 жылы 20 сәуірде Бас мүфтидің «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді сұхбаты жарияланды.  Сонда Әбсаттар Дербісәлі халқымызға имам Ағзам Әбу Ханифа жолын кеңінен насихаттап, бар қазақты осы мазһабта болуға шақырады. Төрт мазһабты да дұрыс санайтын қазақ халқына ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мазһабы біз үшін абзалырақ екенін жеткізе білді. Ол үшін мызғымастай бірлікпен қатар, діни білім де керек деген ұстанымды ту қылған Бас Мүфти халықты ынтымақ-бірлікке еліміздің мұсылмандарын бір шаңырақтың астына біріктіруге күш салды. Осыған орай, бұқараны түсінбестік пен күмәннан арылту мақсатында Ол «Ұлық имам Әбу Ханифа» атты көлемді еңбегін жариялады. Ол кітап «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қорының демеушілігімен мыңдаған таралыммен жарыққа шығып, еліміздің барлық мешіттеріне тегін таратылды.

          Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2010 жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Аллаға мадақ» діни өлеңдер мүшәйрасын өткізді. Исламның құндылықтарын тек мешіттердегі діндарлардың уағызы немесе баспасөзде жарияланатын мақалалар арқылы ғана емес, сонымен қатар халқымызға етене жақын жыр жолдары арқылы да насихаттау басты мақсат болды. Мүшайра «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші», «Әз пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.)», «Көркем мінез – көркіміз» деген тақырыптар аясында М.О. Әуезов атындағы біздің академиялық драма театрында өтті. Мүшайраға мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерінен бастап, қазіргі әдебиетімізде өзіндік орны бар, танымал ақындар мен суырыпсалма айтыс ақындарына дейін қатысып, өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Жыр додасына түскен өлеңдермен қалың көпшілік те таныссын деген ниетпен www.muftyat.kz сайтында жарияланды. Жеке жинақ та шықты. Бәйгені қорытындылауға арналған салтанат кешінен түскен қаржы қаладағы жетім балалар үйлеріне аударылды. Бұл Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің имандылық істерінің бір парасы ғана еді.

ҚМДБ атқарған ауқымды жұмыстардың бірі – қажылық. Жыл өткен сайын қажылық парызын өтеуші отандастарымыздың саны 4-5 мыңнан асты. Қажылық фирмалардың жұмысын діни басқарманың қажылық істер бөлімі үйлестіруді қолға алды. Муфтияттың араласуымен 2008 жылдан бастап, Әділет министрлігімен бірлесе отырып Қазақстанның қажылық миссиясы қызмет ететін болды. Миссияға қажетті қаражат жағы да тиісінше шешілді. Миссия Меккеде уақытша офис пен көлік жалдауға, қажыларға дәрігерлік көмек көрсетілетін арнайы жабдықталған бөлмелер ашатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, қажылыққа барған азаматтарға жетерліктей дәрі-дәрмек алып баруға да миссия жауапты.

2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына абыройлы төрағалық етсе, 2011 жылдың мамыр айынан 57 мемлекеттің басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға болды. Осындай игі шаралардың қортындысы ретінде ол «Қазақстан – Батыс пен Шығыстың алтын көпірі» (Ислам Конференциясы Ұйымы және Қазақстан) атты көлемді мақала жазып, 2010 жылы 14 желтоқсанда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жариялады

          Әбсаттар Дербісәлі «Мәуліт ан-Набауи аш-шариф» Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған күнін атап өту ісіне де ерекше көңіл бөлді.  2012 жылғы мәуліт мерекесі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Оған 6 мыңдай адам жиналып, тамаша діни-мәдени шараға айналды. Діни айтыс пен илаһи әндер де жиналғандарды серпілтіп, ата-дінімізге деген махаббатын күшейте түсті. Әрине, республикалық деңгейдегі мұндай шараны өткізу оңай емес. Бұл да Әбсаттар Дербісәлі бастаған қайраткер тұлғаның ізденіске толы жемісті еңбегінің нәтижесі. Осыған байланысты қасиетті Рамазандағы мың айдан қайырлы Қадір түні 2000 жылдан бері жалпыхалықтық мерекеге айналғаны көпшілікке аян. «Қазақстан» және «Хабар» арналары тікелей эфир арқылы репортаждар берді. Оның бағдарламасы телеарна қызметкерлерімен алдын ала діни басқармада пысықталып, елордадағы «Нұр Астана» мен Алматы орталық мешіттерінен тікелей эфирге шығып отырды. Мұндай шаралар халқымыздың ислам жөніндегі білімін көтеруге үлкен ықпалын тигізуде. Осының бәрінде Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің ата дініміздің дамып, аяқтан тұруы үшін атқарған жұмыстары ұшан-теңіз.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау кезінде дін мәселесінде де өз шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер әлі де жетерлік еді. Соның бірі мешіт имамдары мен молдаларының тұрақты жалақы алмауы болатын. Мұны шешу үшін Дінбасының тікелей бастамасымен республикалық «Зекет қоры» құрылды. Бүгінде сол сенім ақталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан талай іргелі жұмыстар атқарылып, халқымыздың Исламның қайнар бұлағынан сусындауына бар мүмкіндіктер жасалуда.

Діни басқарма діни ағартушылық ісіне де жіті көңіл бөлді. Бас мүфтидің 2000-2013 жылдары аралығында ислам дінінің бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылыктары, ислам өркениеті, діни ағартушылык, ел амандығы, Отан тыныштығын насихаттаумен қатар, дінбұзар секталардың зиянды іс-әрекеттерін әшкерелейтін жүздеген мақалалары мен сұхбаттары жарық көрді. Соның арқасында ислам бұрынғы жоғалткан позициясы мен беделіне ие болып, биік белеске көтерілді. Жетекші де негізгі дінге, мұсылмандардың рухани бірлігінің ұйытқысына, орталығына, ордасына айналды. Дінбасы үлкен ұйымдастырушылық, мәмлегерлік, шешендік қабілетке ие екендігін көрсетті. Уағыздары тартымды. Жұртты ұйыта білді. Ол Қазақстан діни басқармасының Орталық Азия, Ресей ғана емес, сондай-ақ әлем мұсылмандарымен рухани достық байланысының жолға қойылып, дами беруіне де мән берді.

Әбсаттар Дербісәлі 2000-2013 жылдары бірнеше халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізді. Онда Ислам дінінің ел өміріндегі рөлі, міндеттері, діни бірлік, діндер, ұлттар мен ұлыстар аралық достық үнемі назардан түскен жоқ. Дінбасы әрдайым Ислам дінінің саясиланбауы, дін негізінде партия құрылмауы, діннің саясатқа араласпауын қаперде ұстады. Мұсылмандар арасына жік салатын, зиянды да зымиян діни ағымдардың жымысқы тірлігін әшкерелеп отырды.

Сөйтіп ол діни істер реформасын бірте-бірте сәтті жүзеге асырды.

2012 жылы мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінде осындай ерен еңбегі, үлкен беделінің мойындалуы ретінде оның Әлемдік дінбасылары кеңесінің мүшесі болып сайлануы еліміз үшін де үлкен абырой, құрмет еді.

2013 жылы ол ҚР Білім және Ғылым министрлігі Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалды.

Егер Елбасы мемлекет басшысы ретінде Отанының амандығы, экономикасы, саясаты, халықаралық қатынасы секілді сүбелі істерді жүзеге асырып жатса, Бас мүфти, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі оның рухани таянышы, сүйеніші ретінде дінаралық, ұлтаралық ынтымақты, имандылықты жүзеге асырған Қазақстан шығыстану ғылымының көшбасшысы ретінде Президентімізге, халқымызға рухани тірек болды.

Институтқа директор болған кезінде Әбсаттар Дербісәлі халықаралық үлкен ғылыми-теориялық конференция өткізді және ол кітап боп жарыққа шықты. Институттың бірнеше ғылыми жобалары ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан мақұлданып, ол күні бүгіндері орындалуда.

Әбсаттар Дербісәлі магистрлер мен PhD философия ғылымдары докторларына, үміткерлерге лекция оқып, олардың ғылыми диссертацияларына жетекшілік етті.

Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде исламтану мамандығы бойынша ашылған мамандандырылған арнайы ғылыми кеңестің төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мамандандырылған ғылыми кеңесінің мүшесі болған.

2013-2016 жылдар арасында профессор Әбсаттар Дербісәлінің ғылыми кеңесшілігімен 3 жас ғалым философия ғылымының докторы ғылыми дәрежесін, 6 жас ғалым магистр дәрежелерін алды.

Әбсаттар Дербісәлінің соңғы 7 жыл ішінде  «Руханият және өркениет. Зерттеулер мен мақалалар. «Атамұра» баспасы. Алматы, 713 бет»; Әбсаттар Дербісәлі. Өнегелі өмір. «Қазақ университеті» баспасы. Алматы, 2016 және сондай-ақ 100-ден астам орыс, қазақ тілдерінде ғылыми және ғылыми көпшілік мақалалары жарық көрді.

Оның редакциялауы және рецензиялауымен 2 кітап жарыққа шықты. Олар «Арабша-қазақша сөздік» (50 000 сөз). Алматы, 2016, 917 бет; «Султан аз-Захир Бейбарыстың өмірбаяны» (Араб халық эпосы). 1 том 364 бет; 2 том 374 бет. Алматы, 2016.

2014-2015 жылдары ол «Халық тарих толқынында» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Түркияның «Сүлеймания», «Баязит», «Миллет» кітапханалары мен қолжазба қорларында болып халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, тарихына қатысты бірнеше мыңдық қолжазбалар көшірмесін, Испанияның Эскуриал кітапханасының қолжазба қорынан Әбу Насыр әл-Фарабидің бұзау терісіне жазылған трактатының, ортағасырлық Сайрам қаласының бірнеше ғалым, ойшыл перзенттерінің [Ала ад-дин ас-Сайрами (XIII ғ.), Низам ад-дин Йахйа ас-Сайрами  (XIII–XIV ғ.), Абд ар-Рахман ас-Сайрами (XIV ғ.)] еңбектері қолжазбаларынын көшірмелерін елге жеткізді. Оларға арналған зерттеулерін жариялады.

Каир (Египет), Куала-Лумпур (Малайзия), Хартум (Судан Араб Республикасы), Гренада (Испания), Бағдад (Ирақ Араб Республикасы), Бакуде (Әзірбайжан Республикасы) және өз елімізде өткен түрлі халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай Атырау, Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Таразда өткен ғылыми іс-шараларға белсене қатысты.

Марқұм «Ислам ынтымақтастығы ұйымы» жанындағы (Жидда) «Ислам форумының» (Стамбул), халықаралық және республикалық түрлі ғылыми және ғылыми көпшілік журналдар редакциялық алқасының мүшесі, бірнеше ғылыми жобалардың жетекшісі және мүшесі.

Әбсаттар Дербісәлі сондай-ақ Қазақстан Республикасы шығыстану ғылымын дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін әртүрлі республикалық және халықаралық марапаттарға ие болды.

Мысалы, Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін КСРО Халыққа білім беру Комитетінің Құрмет грамотасы (1984 ж.), 2002 жылы Египет Араб Республикасының 1 дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен «Парасат» Ордені; ІІ дәрежелі «Барыс» Ордені, І дәрежелі «Аль-Фахр» ордені (Ресей); «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы»,  «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы», «ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы» секілді мерекелік медальдармен, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін Әл-Фараби атындағы үлкен алтын мадельмен марапатталған. Түлкібас ауданы және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. Сөйтіп, ол көрнекті ғалым, әлеуеті жоғары іскер басшы екенін көрсете білді.

Қазақ шығыстану ғылым, білімінің ұйымдастырушысы, көрнекті ғалым, Халықаралық араб тілі Ғылым академиясының (Каир) толық мүшесі, исламтанушы, араб тіліндегі ежелгі жазба  деректерді зерттеуші, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, филология ғылымдарының, докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі 2021 жылдың 15 шілдесінде қайтыс болды. Дегенмен, академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің артына қалдырған мол мұрасы, жасаған қыруар ісі және есімі туған халқымен мәңгі жасай береді.

Наши партнеры